Қазақстан мен Франция денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Астанада өткен Қазақстан-Франция бизнес-форумы аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Франция Республикасының сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары істері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен, сондай-ақ Sanofi, Servier, Meridiam, Ellipse Projects, Scaleo, C3Medical секілді жетекші француз компанияларының өкілдерінің қатысуымен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты.
Форум барысында денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті одан әрі дамыту, оның ішінде фармацевтикалық өндіріс, ғылыми зерттеулер, инфрақұрылымды жетілдіру, техникалық жарақтандыру, медицина қызметкерлері үшін тағылымдамалар өткізу және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Қол қойылған құжаттар қатарында:
- Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Sanofi компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум – фармацевтикалық өндіріс пен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты қарастырады;
- Servier компаниясымен меморандум – инновациялық дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған;
- Денсаулық сақтау министрлігі, Францияның Даму агенттігі және Францияның халықаралық техникалық сараптама агенттігі арасындағы келісім – инфрақұрылым және техникалық көмек жобаларын жүзеге асыруға бағытталған;
- C3Medical компаниясымен меморандум – онкологиялық скрининг және телемедицина саласындағы өзара іс-қимылды қамтиды.
Тараптар қол жеткізілген келісімдердің толық әрі тиімді іске асырылуына бейілділіктерін білдіріп, екіжақты және көпжақты форматтағы мазмұнды ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Қазақстан-Франция бизнес-форумының өткізілуі ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады және ұлт саулығын жақсартуға бағытталған бірлескен бастамаларды әзірлеу мен іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кету керек, Француз Республикасы ұзақ жылдан бері Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып келеді. Медицина және денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты қарым-қатынастардың маңызды бағыты ретінде қарастырылады.