Сұрақ-жауап

Биологиялық қауіпсіздік дегеніміз не?

Биологиялық қауіпсіздік – адамдарды, жануарларды және қоршаған ортаны патогенді биологиялық агенттердің әсерінен қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық, медициналық-биологиялық және инженерлік-техникалық шаралар мен құралдар жүйесі.

Биологиялық қауіпсіздіктің негізгі принциптері қандай?

Биологиялық қауіпсіздіктің негізгі принциптері ол патогенді биологиялық агенттермен дұрыс жұмыс істеу, белгілі бір биологиялық қауіпсіздік секторына сәйкес өмір мен денсаулыққа төнетін қауіптердің алдын алу, бақылау және/немесе басқару.

Биологиялық қауіп дегеніміз не?

Биологиялық қауіп – биологиялық агенттердің әсеріне байланысты адамның, жануарлардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға төнетін қауіп. Мұндай агенттерге инфекциялар, аллергиялық реакциялар, уланулар немесе басқа да ауруларды тудыруы мүмкін тірі организмдер немесе биологиялық шығу тегі бар заттар жатады.

Биологиялық қауіптің негізгі көздеріне не жатады?

Биологиялық қауіптің негізгі көздеріне жұқпалы аурулардың эпидемиясы мен өршуі, эпизоотиялар, биологиялық қауіпті объектілердегі авариялар, патогендік микроорганизмдердің табиғи резервуарлары, экожүйелер үшін қауіпті патогендік микроорганизмдер, флора мен фауна өкілдерінің трансшекаралық тасымалдануы және биологиялық терроризм жатады.

Биологиялық қауіпсіздік бойынша қандай алдын алу шаралары бар?

Эпидемияға қарсы, ветеринариялық, фитосанитариялық іс-шаралар, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар кешенін және биологиялық тәуекелдерді басқаруға, биологиялық қатерлердің алдын алуға және оларды тежеуге бағытталған өзге де шараларды қамтиды.

Биологиялық қауіпсіздіктің мақсаты неде?

Биологиялық қауіпсіздіктің мақсаты генетикалық түрлендірілген организмдерді (ГТА) пайдалану нәтижесінде туындауы мүмкін қоршаған орта мен денсаулыққа қауіп-қатердің алдын алу, бақылау және жою, сондай-ақ адамдар мен қоршаған ортаны ықтимал қауіптерден қорғау болып табылады

Биологиялық қауіпсіздіктің қанша деңгейі бар?

Биологиялық қауіпсіздіктің төрт деңгейі бар, олар бастапқы және екінші реттік кедергілерден тұрады, сондай-ақ микробиологиялық процедуралардың ерекшеліктерін анықтайды

Биологиялық қауіпсіздік тәуекелі қандай?

Биологиялық қауіпсіздік тәуекелі – бұл зиянкестердің, аурулардың, арамшөптердің немесе ластаушы заттардың экономикаға, қоршаған ортаға немесе қоғамға әсерін күшейтуі мүмкін кез келген нәрсе

Қандай жағдайда биологиялық қауіп пайда болуы мүмкін?

Еңбекті қорғау талаптары бұзылған жағдайда және (немесе) микроорганизмдер мен олардың тіршілік әрекетінің улы өнімдерімен жұмыс істеу кезінде қорғаныс құралдары қолданылмаған жағдайда биологиялық қауіп туындауы мүмкін

Биологиялық қорғау нені білдіреді?

Биологиялық қорғаныс – бұл биологиялық агенттер мен токсиндердің жоғалуын, ұрлануын, дұрыс пайдаланылмауын, рұқсатсыз шығарылуын болдырмау мақсатында оларды зертхананың ішінде қорғауды, бақылауды және есепке алуды қамтамасыз ету