Огай Вячеслав Борисович

Огай Вячеслав Борисович

Профессор Вячеслав Борисович Огай – биология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. 2000 жылы Ресей Федерациясы, Мәскеу облысы, Пущино қаласындағы Пущино мемлекеттік университетінің магистратурасын «жасуша биологиясы» мамандығы бойынша тәмамдады. 2003 жылы аспирантураны аяқтап, Ресей ғылым академиясының Жасуша биофизикасы институтында «биофизика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Өзінің кәсіби қызметін 1998 жылы инженер-зерттеуші, кейіннен Ресей ғылым академиясының Пущино ғылыми орталығындағы Жасуша биофизикасы институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде бастады. 2004-2006 жылдары Сеул ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары колледжінде (Оңтүстік Корея, Сеул қаласы) ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2006-2009 жылдары Сеул ұлттық университетінің іргелі ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болды. 2009-2011 жылдары Ұлттық биотехнология орталығында иммунобиотехнология және иммунохимия зертханасының жетекші ғылыми қызметкері лауазымын атқарды. 2011 жылдан 2022 жылға дейін осы орталықтың дің жасушалары зертханасын басқарды.

Өз қызметінің барысында профессор Огай 10 ғылыми жоба мен бір ғылыми-техникалық бағдарламаның жетекшісі болды. Ол «2030 жылға дейінгі ғылым мен технология саласындағы жүйелі талдау және болжау» форсайт-жобасына «Ұлт денсаулығы» басым бағыты бойынша ғылыми сарапшы ретінде қатысты. 2018-2019 жылдары «Өмір туралы ғылым және денсаулық» басым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды.

Вячеслав Борисович 80-нен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде Web of Science және Scopus халықаралық деректер базасына енгізілген 49 мақаланың авторы. Сондай-ақ, ол 10 өнертабысқа, соның ішінде екі халықаралық патентке иелік етеді. Clarivate Analytics (Web of Science) деректері бойынша оның Хирш индексі 15-ке тең.

Профессор Огай жас ғалымдарға арналған Оңтүстік Кореяның Ғылым және технологиялар министрлігі қаржыландырған «Brain Korea 21» бағдарламасының стипендиаты (2004-2006 жж.) болды. Ғылыми қызметтегі белсенділігі үшін 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің құрмет грамотасымен, 2016 жылы «Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және 2022 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.