«QazBioPharm» ұлттық холдингіне қарасты еншілес ұйымдардың мамандары Германияда біліктілігін арттырды

68 көрініс
«QazBioPharm» ұлттық холдингіне қарасты еншілес ұйымдардың мамандары  Германияда біліктілігін арттырды

2024 жылдың 2-15 желтоқсан аралығында Германияның Фрайбург қаласында «QazBioPharm» ұлттық холдингіне қарасты еншілес ұйымдардың мамандары үшін біліктілікті арттыру бағдарламасы өтті. Оқу 005 бюджет бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, биологиялық зерттеулер мен биологиялық қауіпсіздік саласындағы кәсіби біліктілікті дамытуға бағытталды.

ХОЛДИНГТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ ЕРҒАЛИ ОРЫНБАСАРҰЛЫ ӘБДІРАЙЫМОВ: «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз ынтымақтастықтың арқасында биыл біз Германияда мамандардың білім алуын ұйымдастыра алдық. Біз бұл оқыту мамандардың біліктілігін айтарлықтай арттырып, ұйымдардың жұмысына жаңа тәсілдерді енгізуге көмектесетініне сенімдіміз», — деп атап өтті.

Атап айтсақ, Германиядағы оқу бағдарламасына Холдингтің түрлі еншілес ұйымдарынан 12 маман қатысты. Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығынан 2 маман «Зерттеулер мен басқаруда жасанды интеллектті пайдалану» бағыты бойынша оқыды. Ұлттық биотехнология орталығының 1 маманы «Гендік инженерия» бағыты бойынша, ал 2 маманы «Ағынды цитометрия негіздері және MACSQuant анализаторымен жұмыс» бағыты бойынша білім алды.

Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығынан 2 маман «Гендік инженерия» бойынша оқудан өтті. OtarBioPharm-нан 2 маман «Биоөндіріс негіздері – практикалық тәсіл» бағыты бойынша оқыды. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтынан 3 маман «Гендік инженерия» бағыты бойынша білім алды.

Фрайбург – Еуропадағы ғылым мен инновацияның жетекші орталықтарының бірі. Бұл жердің оқу бағдарламасы мамандарға өз саласындағы озық технологиялар мен құралдарды үйренуге, шетелдік әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуға, сондай-ақ келешекте өз ұйымдарына жаңа білім мен тәсілдерді енгізуге мүмкіндік берді.