«QazBioPharm» Ұлттық холдингі Алматыда өткен форумда ғылыми-өндірістік әлеуетін таныстырды

48 көрініс
«QazBioPharm» Ұлттық холдингі Алматыда өткен форумда ғылыми-өндірістік әлеуетін таныстырды

Бүгін Алматыда II Қазақстандық фармацевтикалық форумы өз жұмысын бастады. Форумға мемлекеттік органдардың, жетекші отандық және халықаралық фармацевтикалық компаниялардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ саланың жетекші сарапшылары қатысты.

Форум аясында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының Бас директоры Ерғали Абдураимов «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің ғылыми-өндірістік әлеуеті және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, биофармацевтикалық ғылым мен өндірісті дамыту, отандық биофармацевтикалық өнімдерге деген сұранысты қанағаттандыру бағытындағы негізгі жетістіктерді таныстырып, заманауи технологиялық шешімдер туралы ақпарат берді.

Холдинг Бас директоры гематологиялық ісіктерді CAR-T химерлік антигендік рецепторын пайдалану арқылы терапия технологиясын практикалық денсаулық сақтау саласына енгізу, геномдық технологиялар негізінде адам ауруларына қарсы вакциналар әзірлеу, буын шеміршегінің ақауларын емдеу үшін GMP стандартына сәйкес биомедициналық препаратты жоғары технологиялық өндірісін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды.

Ертең II Қазақстандық фармацевтикалық форумы өз жұмысын жалғастырады. Бағдарлама аясында Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың даму үрдістері, дәрілік заттарды реттеу мәселелері және өндірісті локализациялау стратегиялары талқыланатын болады. Форумның екінші күні де маңызды кездесулер мен мазмұнды пікірталастарға толы болады деп күтілуде.