«QazBioPharm» Ұлттық холдингінде Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесу өтті
2025 жылғы 9 қыркүйекте «QazBioPharm» Ұлттық холдингінде Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі мырза Сильван Гиогемен кездесу өтті.
Кездесуге қазақстандық тараптан Холдингтің Бас директоры Ерғали Абдураимов, оның орынбасарлары, сондай-ақ Холдингтің департаменттері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Сапар барысында Елші мырзаға Холдингтің және оның еншілес ұйымдарының қызметі таныстырылды. Бас директор фармацевтикалық өндірісті Қазақстанда жергіліктендірудің артықшылықтарына және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне тоқтала отырып, негізгі жұмыс бағыттарын ұсынды.
Сильван Гиоге мырза Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің жуырдағы Францияға жасаған сапарының маңыздылығын атап өтті. Аталған сапарға Холдинг те қатысып, Sanofi, Boehringer Ingelheim сияқты жетекші халықаралық компаниялармен және француздық кәсіпорындармен өзара іс-қимылдың келешегі талқыланды.
Келіссөздер барысында тараптар төмендегі мәселелерді қарастырды:
- вакциналар өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды дамыту;
- халықаралық стандарттар бойынша кадрларды даярлау және тағылымдамадан өткізу, соның ішінде Sanofi өндірістік алаңдарында;
- кластерлік тәсілді енгізу мүмкіндіктері және қазақстандық ғалымдар мен халықаралық зерттеу орталықтарының тәжірибе алмасуы;
- ғылым, биологиялық қауіпсіздік және фармацевтика саласында екі елдің салалық министрліктері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми және фармацевтикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін нақты бастамалар бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Холдингке Siemens Healthineers және Varian компанияларымен әріптестікте бақыланатын орталар, медициналық визуализация және онкология саласындағы сарапшыларды біріктіретін француздық «La Salle Blanche» (BIOGuard Group – MEDIMAGE) консорциумының директоры да келді. Консорциум Еуропа, Африка, Азия және Таяу Шығыс елдерінде ауруханалық платформаларды, P4 деңгейіндегі зертханаларды, фармацевтикалық өндірістерді және онкоорталықтарды жобалау мен салуда халықаралық тәжірибеге ие.
«La Salle Blanche» өкілдері Қазақстанда ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, таза орын-жайларды құру, онкологиялық және фармацевтикалық қуаттарды дамыту, медицина және инженерия кадрларын оқыту, сондай-ақ Қазақстанда фармацевтикалық өнім шығаратын бірлескен өнеркәсіптік жобаны іске қосу мәселелеріне қызығушылық танытты.