Қазақстан мен Франция ынтымақтастығы: Аусылға қарсы вакциналар бойынша тағылымдама

35 көрініс
Қазақстан мен Франция ынтымақтастығы: Аусылға қарсы вакциналар бойынша тағылымдама

18-19 желтоқсан аралығында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі мен оның еншілес ұйымдарының бірнеше маманы Францияның Лион қаласында оқыту мен тағылымдамадан өтті.

Олардың қатарында «QazBioPharm» ұлттық холдингінің Сертификаттау және өнім сапасы департаментінің бас сарапшысы Аманжол Жарболеков, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Серғазы Нұрабаев және аталған институттың технологиясы мен биологиялық өнімдерді бақылау зертханасының аға ғылыми қызметкері Қуаныш Джекебеков, «OtarBioPharm» ЖШС ғылыми-техникалық бөлімінің басшысы Бекзат Исмағамбетов болды.

Аталған іс-шара Қазақстан мен Франция арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында, әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялардың бірі – «Boehringer Ingelheim Animal Health France» компаниясымен серіктестікте ұйымдастырылды.

Оқыту бағдарламасының негізгі бағыты – аусылға қарсы вакциналарды әзірлеу, өндіру және қолдану тәжірибесін меңгеру. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар Францияның ветеринарлық препараттар өндірісіндегі заманауи технологияларымен танысып, вакцина сапасын бақылау және халықаралық стандарттарды енгізу бойынша тәжірибе жинақтады.

Бұл тағылымдама Қазақстан ветеринария саласының дамуына, әсіресе биологиялық қауіпсіздік пен мал шаруашылығы өнімдеріне қатысты стандарттарды жетілдіруге ықпал етеді. Сондай-ақ, бұл Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми және өндірістік байланыстарды нығайтуға негіз болмақ.

«Boehringer Ingelheim Animal Health France» компаниясының мамандары атап өткендей, бұл бағдарлама қазақстандық сарапшылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және халықаралық талаптарға сәйкес вакциналар өндіру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстанның ветеринарлық саласында осындай жоғары деңгейдегі ынтымақтастықтар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.