«Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форум және «QazVaC: ТАЙТАЛАС» кітабының тұсаукесері

29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты халықаралық форум өтті, ол ғылым мен медицина саласында маңызды оқиғаға айналды. Форумның басты шараларының бірі – COVID-19 пандемиясы кезінде алғаш рет қазақстандық QazVac вакцинасын жасаған ғалымдардың еңбегіне арналған «QazVaC: ТАЙТАЛАС» атты құжаттық кітаптың тұсаукесері болды.
Кітаптың ресми таныстырылымына мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі АҚ бас директоры Ерғали Әбдірайымов, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова болды.
«QazVaC: ТАЙТАЛАС» құжаттық кітабы қазақстандық ғалымдардың COVID-19 пандемиясына қарсы отандық вакцинаны жасау жолындағы ерен еңбегіне арналады. Кітапты әзірлеуші команда ғалымдармен, басшылармен кездесіп, QazVac вакцинасын қалай әзірлегені, қандай кедергілерге тап болғаны, отандық вакциналар өндірісін құру процесі және оның маңызы туралы сұрақтарға жауап алды.
Күнсұлу Закарья өз сөзінде кітаптың мақсатын былай түсіндірді: «Пандемия аяқталды, бірақ ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің пандемиямен күрестегі еңбегі ұмытылмауы тиіс. Осы мақсатта кітап жарияланып отыр».
Таныстырылымнан кейін Қосымша сөз сөйлегендер арасында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі АҚ басқарма төрағасы Бердібек Сапарбаев және басқа да маңызды тұлғалар болды. Олар Қазақстанның пандемиямен күресудегі ғылыми жетістіктерін, биологиялық қауіп-қатерлерді алдын алу және болжау, сондай-ақ жаңа дәрі-дәрмектер мен вакциналарды әзірлеудегі алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.
Форум барысында көптеген сала мамандары мен сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, COVID-19-ға қарсы күресудің тиімді шараларын, вакциналардың әзірленуі мен өндірісі саласындағы Қазақстанның жетістіктерін баяндады. Сонымен қатар, АҚШ, Түркия, Қазақстан және басқа да елдерден келген дәрігерлер мен ғалымдар өз баяндамаларын ұсынды.
Форум алаңында сондай-ақ «QazVac жасаудың тарихы» атты фотокөрме өтті. Көрмеде вакцинаның жасалу тарихы ғана емес, холдингтің ғылыми бөлімшелері мен бизнес құрылымдарының жетістіктері, сондай-ақ іс-шараның демеушілері ұсынған жобалар да таныстырылды.
«Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы биологиялық қауіпсіздік және медицина саласындағы халықаралық байланыстарды нығайту, сондай-ақ тәжірибе алмасу тұрғысынан маңызды қадам болды.
