Биологиялық қауіпсіздік кеңесі

«Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Холдинг Жарғысының 112-тармағының 4) тармақшасына және 118-тармағының 10) тармақшасына, «Холдингтің биологиялық қауіпсіздігінің кейбір мәселелері туралы» Бас директордың 2023 жылғы 31 наурыздағы №43-Ө бұйрығына сәйкес, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес (бұдан әрі — Кеңес) құрылды.

Кеңес Холдингтің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Кеңес төрағасы — «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры. Кеңес мүшелері: Бас директордың орынбасарлары, Холдингтің еншілес ұйымдарының бірінші басшылары.

 

Кеңес қызметінің мақсаттары:
1) биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу және биологиялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру;
2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы стратегия мен саясатты әзірлеу және оны іске асыруды қамтамасыз ету;
3) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
4) микроорганизмдердің, өндірістердің және Холдингтің еншілес ұйымдарының өзге де объектілерінің зертханаларын, депозитарийлерін (коллекцияларын) физикалық және биологиялық қорғауды нығайту жөнінде ұсынымдар әзірлеу.

 

Қойылған мақсаттар шеңберінде Кеңеске мынадай міндеттер жүктеледі:
1) биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және дайындау;
2) Холдингтің биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша саясатты қалыптастыру;
3) Холдингтің биологиялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру стратегиясын қалыптастыру.

 

Кеңестің жұмыс органы Холдингтің биологиялық қауіпсіздік департаменті болып табылады.