Қазақстан мен Моңғолия экономикалық әріптестікті нығайтуда
2025 жылғы 5 қыркүйекте Астанада Қазақстан–Моңғолия Іскерлік кеңесінің Екінші отырысы өтті. Іс-шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылауға және жаңа бірлескен бастамаларды іске қосуға арналған маңызды алаң болды.
Кеңестің негізгі назарында өзара сауданы кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ көлік-логистикалық бағыттарды жетілдіру мәселелері тұрды.
Отырысқа Қазақстан мен Моңғолияның мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты. Олардың арасында – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Сейтақынов, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, сондай-ақ Моңғолия Ұлы мемлекеттік хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан мен Моңғолия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Лхагважав Баатаржав болды.
Жеке назар өнеркәсіптік кооперацияға аударылды: қазақстандық металлургиялық компаниялар Моңғолияның тау-кен және машина жасау салаларына белсенді түрде өнім жеткізуде. Сонымен қатар Қазақстанды өңірлік транзиттік-логистикалық орталық ретінде дамыту мәселелері қаралды.
Отырыстың қорытындысы бойынша екі елдің сақтандыру қауымдастықтары арасында, сондай-ақ қазақстандық және моңғолиялық бірқатар компаниялар арасында келісімдерге қол қойылды.
Кеңес жұмысына мемлекеттік құрылымдардан бөлек, салалық қауымдастықтардың және отандық жетекші компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында – «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Абдураимов.
📌 Кеңес туралы толық материал Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының сайтында жарияланды.
Фото: kazcic.kz