Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің III жетілу деңгейіне өтеді
Астанада Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жіктемесі бойынша III жетілу деңгейіне көшіру мәселесіне арналған кеңес өтті. Іс-шараға ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Дальтонқызы Закария, Денсаулық сақтау министрлігінің және жетекші ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында денсаулық сақтау саласына ғылыми әзірлемелерді жүйелі түрде енгізу және ғылыми қызметтің қолданбалы бағытын күшейту қажеттілігі атап өтілді. Қатысушылар III жетілу деңгейінің талаптарына сай келетін ұлттық реттеуші жүйені қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдарды талқылады.
Күнсұлу Закария ғылымды дамыту мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, ғылыми зерттеулердің нәтижелері практикалық қолданысқа еніп, саланың өзекті міндеттерін шешуге үлес қосуы маңызды екенін атап өтті.
Кеңес барысында Ұлттық биотехнология орталығы (ҰБО) басшылығы мен жетекші мамандары отандық ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша баяндамалар жасады. ҰБО Бас директоры Арман Абеев ұйымның алдағы даму стратегиясын ұсынып, зерттеу инфрақұрылымын кеңейту, технология трансфері және ғылымды қажетсінетін өнімдерді денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізу жоспарларына тоқталды.
Биология ғылымдарының кандидаты, зертхана меңгерушісі Александр Шустов CAR-T терапиясының – химерлі антигендік рецепторлар негізінде гематологиялық қатерлі ауруларды емдеудің инновациялық әдісінің – енгізілу перспективаларын таныстырды.
Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, зертхана меңгерушісі Елена Жолдыбаева жеке медицина мен молекулалық әдістерді дамытуға бағытталған, адам генетикасы және биотехнология саласындағы өзекті жобалар туралы баяндады.
«QazBioPharm» Ұлттық холдингінің ғылым және технологиялар жөніндегі Бас директорының орынбасары Аралбек Рсалиев III жетілу деңгейіне қол жеткізу отандық өнімдерді жедел тіркеуге, олардың халықаралық мойындалуына және сыртқы нарықтарға шығуына жол ашатынына тоқталды.
Холдинг бұл мақсатқа қолдау көрсетуге дайын: ішкі сапа жүйесін жетілдіру, өндірістік процестерді GMP халықаралық стандарттарына сәйкестендіру, процестерді цифрландыру және реттеуші органдармен өзара іс-қимылды кеңейту жоспарлануда.
Холдинг III жетілу деңгейіне көшуді Қазақстанның заманауи әрі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.