Франциядағы Қазақстан делегациясы: денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамыту
Парижде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Франция Республикасының Денсаулық сақтау министрі Янник Нёдэр мырзамен кездесті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты.
Кездесу барысында тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек, онкология, кардиология, травматология және жедел медициналық көмек сияқты бағыттарда ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған Францияның Даму агенттігі (AFD) және Expertise France қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше көңіл бөлінді.
Келіссөздер нәтижесінде француздық Sanofi компаниясының медициналық өнімдерін Қазақстанда өндіруді жергіліктендіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл қадам отандық фармацевтика саласын дамытуға және халықтың заманауи медициналық технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.
Сапарға «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің Бас директоры Ерғали Абдураимов та қатысып, биофармацевтикалық зерттеулерді дамыту және вакциналар өндірісі мәселелері бойынша Холдингтің қызметін таныстырды.
Сонымен қатар Францияның жетекші фармацевтикалық компаниялары – Sanofi, Ipsen, Servier, Boehringer Ingelheim, Ellipse, C3 Medical және La Salle Blanche өкілдерімен келіссөздер өтті. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, соның ішінде технологияларды трансферлеу мен өндірісті Қазақстанда жергіліктендіруге мүдделілік білдірді.