Профессор Қасым Қасенұлы Мұқановтың 70 жылдық мерейтойы – ғылым мен ұрпақтар сабақтастығының салтанаты
2025 жылғы 12 тамызда «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің еншілес ұйымы – Ұлттық биотехнология орталығында көрнекті ғалым, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қасым Қасенұлы Мұқановтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.
Қасым Қасенұлы – отандық биотехнологияның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, вирусология, иммунология және инфекциялық иммунология салалары бойынша халықаралық деңгейде танылған ғалым. Оның ғылым жолы 1980 жылдардың басында Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтында басталды. Мәскеудегі эксперименттік ветеринария ғылыми-зерттеу институтында мақсатты аспирантураны тәмамдап, трансмиссивті гастроэнтерит вирусының морфологиясы мен биофизикалық қасиеттері тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1996 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Республикалық ветеринариялық зертхана мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария департаментін басқарды.
Целиноградта құрылған биотехнология орталығының (қазіргі ҰБО) алғашқы күндерінен бастап, оның ғылыми базасын қалыптастырған жетекші зерттеушілердің бірі болды. Әр жылдары лаборатория меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды, бүгінде Қолданбалы генетика зертханасының бас ғылыми қызметкері. Оның зерттеулері диагностикалық тест-жүйелер мен адам және жануарлар денсаулығына арналған вакциналарды әзірлеуді, молекулалық биология мен гендік инженерия саласын қамтиды.
Пандемия кезінде SARS-CoV-2 штамдарының толық геномдық талдауын жүргізіп, вирустың эволюциясын тереңірек түсінуге және өзекті вакцина жасауға негіз болған маңызды ғылыми деректер ұсынды. Бұл зерттеулер ұлттық биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосты.
Мерейтой күні ҰБО ұжымы ғалымды құрмет шеруімен қарсы алды. Ресми бөлім акт залында өтіп, мерейтой иесін әріптестері, мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері құттықтады.
Холдингтің ғылым және технологиялар жөніндегі Бас директордың орынбасары Аралбек Рсалиев Қасым Қасенұлының стратегиялық ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы рөлін, кәсіби біліктілігін, терең білімін және жобаларды нақты нәтижеге жеткізе білу қабілетін атап өтті. Ғалымның ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі желісі бойынша іске асырылатын ірі ғылыми бағдарламалардағы үлесі ерекше аталды.
ҰБО Бас директоры Арман Әбеев мерейтой иесінің ұйымның қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегін және жас мамандарға тәлімгерлік арқылы ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы үлесін жоғары бағалады.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Қасым Қасенұлының 15 жылдан астам уақыт бойы педагогикалық және ғылыми қызметпен айналысып, көптеген жоғары білікті мамандарды дайындағанын атап өтті. Аграрлық ғылымды дамытуға және кадрлар даярлауға қосқан үлесі үшін университет мерейтой иесіне арнайы дайындалған естелік медаль табыс етті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен, шетелдік ғылыми орталықтар мен серіктестерден, соның ішінде Беларусь Ұлттық ғылым академиясының «Химиялық синтез және биотехнология» мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігінен құттықтау хаттар келіп түсті.
Профессор Қасым Қасенұлы Мұқановтың мерейтойы – Ұлттық биотехнология орталығы үшін ғана емес, еліміздің бүкіл ғылыми қауымдастығы үшін маңызды оқиға. Оның еңбегі, терең білімі және шәкірт тәрбиелеуі – Қазақстан биотехнологиясының заманауи дамуының берік іргетасы.