Серіктестік

Қытайлық BGI Group компаниясымен ынтымақтастық

2024 жылғы наурызда «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ мен Қытайдың «BGI Group» компаниясы арасында биология, биотехнология, вирусология, химия, генетика, медицина және басқа да бағыттар бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған меморандумға қол қойылды.

Ынтымақтастық аясында келесі жобалар жүзеге асырылуда:

1. COVID-19 диагностикалау зертханасы

2020 жылғы мамырда BGI Genomics компаниясы мен Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен Астана және Алматы қалаларында COVID-19 диагностикалауға арналған 2 мобильді зертхана ашылды.

2021–2024 жылдар аралығында BGI компаниясы жергілікті серіктесі – ғылыми-өндірістік «BIOGEN Технопарк» ЖШС-мен бірлесіп дәлелді медицина технологияларын енгізді. Репродуктивті денсаулық, тұқым қуалайтын ауруларды анықтау және онкология саласындағы мониторинг бойынша молекулалық-генетикалық тесттердің кең спектрін жүзеге асыратын Astana Genetic Center генетикалық зертханасы құрылды.

Ана мен баланың денсаулығын жақсарту, туа біткен ақаулардың алдын алу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен инвазивті емес пренаталдық скрининг жобасын іске қосу жоспарлануда.


2. Ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастық

Сонымен қатар дәлелді медицина әдістерін қоғамдық денсаулық сақтау, ауруларды диагностикалау, тестілеу және алдын алу салаларында кеңінен қолдану бағытында белсенді ынтымақтастық жүргізілуде.

2023 жылғы 18 қазанда Мемлекет басшысының Бейжің қаласына жасаған сапары аясында «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC), BGI Group, Forebright Capital Asia қоры арасында QIC-тің Forebright Life Science Technology Fund қорына қатысуының негізгі шарттары туралы келісім (Term Sheet) жасалды.

2024 жылғы шілде айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында QIC пен BGI Group арасында шектеулі серіктестік туралы келісімге (Limited Partnership Agreement, LPA) қол қойылды.

Құрылатын қор мультиомикалық технологиялар мен синтетикалық биология салаларындағы инновациялық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Қордың жалпы сомасы – 200 млн АҚШ доллары (оның ішінде QIC үлесі – 20 млн АҚШ доллары).


3. Astana Genetic Center бірлескен зертханасы

2024 жылғы 18 шілдеде «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ және Beijing Genomics Institute «Геномдық және омикалық инновациялық технологияларды енгізу және дамыту» тақырыбында инновациялық форум өткізді.

Форумға ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Қ.Д. Закария, ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова, BGI Group бас директоры Инь Е, жетекші ғалымдар мен мамандар, мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында Ұлттық биотехнология орталығы базасында құрылған Astana Genetic Center бірлескен зертханасының ресми ашылуы өтті.

Анықтама үшін: Astana Genetic Center – алдыңғы қатарлы генетикалық зерттеулер мен инновациялық емдеу әдістерін әзірлеумен айналысатын ғылыми мекеме.


4. QazBioPharm делегациясының BGI Group кеңсесіне жұмыс сапары

2024 жылғы 18–20 қыркүйек аралығында Холдингтің сарапшылар тобы Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы BGI Group кеңсесіне жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында BGI Group-тың еншілес ұйымдары – BGI-Research, BGI-College, China National GeneBank (CNGB), BGI-Medicine, GigaScience, BGI-Genomics, MGI, BGI-Bioverse, BGI Nutri, FGI, BGI-Cell және CNGB басшылығымен кездесулер өткізілді. CNGB – Қытай үкіметімен мақұлданып, қаржыландырылатын Шэньчжэньдегі маңызды ғылыми инфрақұрылымдардың бірі.

Анықтама үшін: CNGB – BGI Research басқаратын және дамытатын ұлттық геном банкі. Оның басты мақсаты – өмір туралы ғылым, инновациялар мен индустрия салаларындағы зерттеулерге қолдау көрсету, биологиялық ресурстарды сақтау, цифрландыру және тиімді пайдалану арқылы қоғам игілігіне жұмыс істеу.

Сонымен қатар, сапар қорытындысы бойынша 2024 жылғы қазан айында Холдинг BGI-College мекемесіне білім беру және біліктілікті арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум жобасын жолдады (жауап күтілуде).


Финляндиялық Orion Corporation компаниясымен ынтымақтастық

2023 жылғы 4 желтоқсанда Финляндияның Хельсинки қаласында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ мен Финляндияның жетекші фармацевтикалық компаниясы «ORION PHARMA» арасында әріптестік және жеткізілім туралы келісімге қол қойылды.

Келісім аясында «OtarBioPharm» ЖШС биофармацевтикалық зауытының өндірістік алаңында «Левосимендан» дәрілік затының технологиясын трансферттеу арқылы отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көзделіп отыр.

Анықтама үшін: Өнім тіркеу кезінде қолдануға арналған атауы өзгеруі мүмкін. Бұл препарат жүректің жіті декомпенсацияланған жеткіліксіздігін емдеуде қолданылатын және құрамында Levosimendan (ORION Corporation әзірлеген түпнұсқа химиялық қосылыс) бар белсенді фармацевтикалық субстанцияны пайдалана отырып өндіріледі.

Левосимендан препараты «OtarBioPharm» зауытының өндіріс алаңында GMP талаптарына сай стерильді жағдайда, 5 мл-лік 6R шыны құтыларда концентратталған инфузиялық ерітінді түрінде бір реттік дозада шығарылатын болады.

Анықтама үшін: Өнімнің бір өндірістік сериясының көлемі шамамен 3 000 доза болмақ. Бұл жыл сайынғы Левосимендан сатып алу мониторингі нәтижелері бойынша ішкі нарықтың жылдық қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы №110 бұйрығының 266-тармағына сәйкес, «OtarBioPharm» ЖШС ұзақ мерзімді шарт жасасу мүмкіндігін қарастыру туралы 27.12.2023 ж. №383/1 және 28.05.2024 ж. №ПР-505 хаттарын «СК-Фармация» ЖШС-на жолдаған.

Алайда қазіргі уақытқа дейін СК-Фармация тарапынан жауап алынған жоқ.

Сонымен қатар, Жанар Мырзалиеваның хатына сәйкес, «Orion» корпорациясының басшылығы API Левосимендан өнімін жеткізуге байланысты шарттарды ендігі жерде корпорацияның еншілес компаниясы «Fermion» өз бетінше жүзеге асыратынын хабарлады.

Осыған байланысты Холдингке API жеткізуге арналған шартты қайта қарау немесе қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізу мәселесін талқылау қажет.

 

Францияның Boehringer Ingelheim компаниясымен ынтымақтастық

2024 жылғы 16 қаңтар

Мемлекет басшысының 2022 жылы Францияға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша 2022 жылғы 20 желтоқсандағы №22-93-5.21 тапсырмасына сәйкес, Boehringer Ingelheim (бұдан әрі – BI) француз компаниясымен аусылға қарсы вакциналарды жеткізу және технология трансфері, қазақстандық биотехнологтардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ бірлескен өндірісті ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылған.

Кейіннен, 2023 жылғы 1 қарашада Франция Президенті Э. Макронның Қазақстан Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі №23-93-4.13 тармаққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс, Сыртқы істер министрліктеріне, Жамбыл облысы әкімдігіне және «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ-ға «Boehringer Ingelheim France» компаниясымен бірге «OtarBioPharm» зауытының базасында аусылға қарсы вакцина өндірісін ұйымдастыру мәселесін пысықтау тапсырылды.

Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 2024 жылғы 16 қаңтарда QazBioPharm пен BI арасында Лицензия, жеткізу және серіктестік туралы келісімге қол қойылды.

Аталған келісімге сәйкес, тараптар екі кезеңнен тұратын технология трансфері туралы уағдаластыққа қол жеткізді:

  • 1-кезеңде 2024–2025 жылдар аралығында аусылға қарсы 23 миллион дозаға жуық вакцина көлемінде балк-продукция сатып алу және оны Жамбыл облысындағы «OtarBioPharm» отандық зауытында құю және қаптау жұмыстары жоспарланған;
  • 2-кезеңде, шамамен 2026 жылдан бастап, осы вакцинаны толық өндірістік циклмен шығару жоспарланып отыр.

2024 жылғы 24 ақпан – 3 наурыз

2024 жылғы 24 ақпан мен 3 наурыз аралығында Францияның Париж қаласында өткен «SALON DE L’AGRICULTURE 2024» ауыл шаруашылығы көрмесіне 1000-нан астам компания қатысып, өз өнімдерін таныстырды.

Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының өнімдерін халықаралық деңгейде таныстыру және экспортты ілгерілету мақсатында аталған іс-шараға Холдингтің Халықаралық ынтымақтастық, маркетинг және ілгерілету департаментінің экспортты ілгерілету басқармасының басшысы Сартбаев Бақытжан Ырсалыұлы, ҚазҒЗВИ бас директорының орынбасары Нұрпейісова Айнұр Сұлтанқызы, сондай-ақ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Бурашев Ербол Досанұлы қатысты.

Холдинг тарапынан көрмеде 21 түрлі өнім ұсынылды, оның ішінде 11 вакцина және 10 диагностикалық құрал болды.


2024 жылғы 18–19 желтоқсан

2024 жылғы 18–19 желтоқсанда Boehringer Ingelheim компаниясымен ынтымақтастық аясында Францияның Леон қаласында Холдинг пен оның еншілес ұйымдары қызметкерлері үшін оқыту және тағылымдама ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында келесі тақырыптар қамтылды:

  • жануарларға арналған аусылға қарсы вакцинаның сапасын бақылау әдістемесі;
  • вакцинацияның негізгі аспектілері, иммунитеттің қалыптасу ерекшеліктері және поствакциналық мониторингке арналған қан сынамаларын алу тәртібі;
  • поствакциналық мониторинг шеңберінде серологиялық зерттеулер жүргізу әдістері және басқа да тақырыптар.

 

2025 жылғы 26 тамызда

Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары аясында «QazBioPharm» Ұлттық холдингіне иорданиялық «DADvet» компаниясының делегациясы келді.

 

2025 жылғы 27 тамызда

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қатысуымен Қазақстан–Иордания бизнес-форумы өтті.

Форумға 100-ден астам қазақстандық және 50-ден астам иорданиялық компания, сондай-ақ министрліктер мен сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, логистика, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

– Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Форум қорытындысы бойынша аграрлық, фармацевтикалық, ветеринарлық және қаржылық бағыттардағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған бірқатар құжаттарға қол қойылды:

— «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ мен DadVet компаниясы арасында ветеринариялық өнімдер саласындағы жобалар бойынша өзара түсіністік туралы меморандум және басқалары.