Қазақстан мен Оңтүстік Корея биофармацевтика саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазақстан мен Оңтүстік Корея биофармацевтика саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады


Қазақстан делегациясының Корея Республикасына жұмыс сапары аясында Кореяның фармацевтикалық және биофармацевтикалық өнім өндірушілері қауымдастығының (KPBMA) Президенті Но Ён Хонмен кездесу өтті. Ресми делегация құрамындағы келіссөздерге «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Абдураимов қатысты.

Маңызды кездесудің қорытындысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Алексей Цой өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады. 

Аталған жариялынымда атап өтілгендей, KPBMA – Корея Республикасының жетекші фармацевтикалық және биофармацевтикалық компанияларын біріктіретін елдегі негізгі салалық қауымдастықтардың бірі. Ұйым инновациялық фармацевтика индустриясын дамытуға, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қолдауға, салалық реттеу саясатын жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және корей фармацевтикалық өнімдерін әлемдік нарықтарға шығаруға белсенді түрде ықпал етеді. 

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы фармацевтика, биотехнология және биофармацевтика салаларындағы перспективалы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, инновациялық дәрілік препараттар өндірісін жергіліктендіру, бірлескен ғылыми зерттеулер мен клиникалық сынақтарды дамыту, технологиялар трансфері, сондай-ақ екі елдің ғылыми ұйымдары мен өндірушілері арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.