Жаңалықтар

«QazBioPharm» мен «Boehringer Ingelheim» технологиялық серіктестіктің екінші кезеңін іске асыруға кірісті


Биологиялық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық келісімдерді іске асыру шеңберінде «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ алаңында француздық «Boehringer Ingelheim» компаниясының делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Өндірістік және техникалық мәселелер талқыланған жиынға Холдинг басшылығы, сондай-ақ Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тараптар «OtarBioPharm» зауытындағы бірлескен жобаның іске асыру барысын қарастырды. Тараптар өнім жеткізу кестесін үйлестіру мен өзара іс-қимылдың операциялық моделін ұзақ мерзімді негізде тұрақтандыру мәселелеріне басымдық берді. Жиынға қатысушылар өндірістік процестердің үздіксіздігін қамтамасыз ету және міндеттемелерді уақтылы орындау үшін ақпарат алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Француздық әріптестердің сапары мемлекеттік органдармен жұмысты үйлестіруді көздейтін кешенді сипатқа ие. Делегация ішкі нарықты қажетті препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарды келісу мақсатында Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер министрліктерінде кездесулер өткізбек. Бұл ынтымақтастық екіжақты серіктестік басымдықтарына сәйкес, еліміздегі биотехнологиялық кластерді қолдау мен дамытуға бағытталған.