Ғылым мен биоқауіпсіздік – стратегиялық басымдық
Астана қаласында Конституциялық реформаны қолдау жөніндегі Жалпыұлттық коалиция өкілдері «QazBioPharm» ұлттық холдингінің ұжымымен кездесті. Жиын барысында Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек пен №8 қалалық емхана директоры Рүстем Айтбаев қатысушыларға Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің маңызды тұстарын түсіндіріп, алдағы саяси науқанның мемлекет дамуындағы рөлін жан-жақты баяндады.
Еліміздің биологиялық қауіпсіздігі мен отандық биопрепараттар өндірісін дамытуға бағытталған «QazBioPharm» ұлттық холдингі еліміздің стратегиялық қауіпсіздік жүйесінде ерекше орын алады. Холдинг құрылымында 1200-ден астам маман еңбек етсе, оның жартысына жуығы – ғылыми қызметкерлер мен ғылыми дәрежесі бар жоғары білікті сарапшылар. Сондықтан кездесуде ғылым мен өндіріс интеграциясы мәселесіне басымдық берілді. Конституциялық реформа аясындағы жаңа өзгерістер отандық ғалымдардың кәсіби әлеуетін нығайтуға үлес қоспақ. Бұл – еліміздің технологиялық егемендігі мен ғылыми инновацияларда бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты шарты.
Сонымен қатар, талқылау барысында азаматтардың денсаулығы мен білімін дамытуға бағытталған конституциялық кепілдіктердің маңызы сөз болды. Жаңа реформа аясында бекітілетін әлеуметтік тетіктер қоғамның тұрақтылығы мен әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартудың сенімді тірегі болмақ. Бұл өзгерістер ғылым мен медицина саласындағы мамандардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге де септігін тигізеді.
Кездесу соңында 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызы атап өтілді. Бұл саяси оқиға әрбір қазақстандықтың мемлекет басқару ісіне тікелей қатысуына және ел болашағын айқындайтын шешімдерді бірлесе қабылдауына мүмкіндік береді. «QazBioPharm» ұлттық холдингінің ұжымы ұсынылған реформалардың ғылыми орта мен жалпы қоғам үшін маңыздылығын жоғары бағалап, еліміздің тұрақты дамуы мен Әділетті Қазақстан құру жолындағы тарихи таңдауға қатысатындарын білдірді.