Кунсулу Закарья «QazBioPharm» холдингінің басшысы болып тағайындалды
Осы жылдың 22 тамызында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Гиният Кунсулу Закарьяны «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ-ның бас директоры лауазымына таныстырды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кунсулу Дальтоновна – ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Табиғи ғылымдар академиясының мүшесі, Ресей Табиғи ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстандық COVID-19 инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) инактивтелген вакцинасын жасаушы, деп атап өтті Ажар Гиният.
Министр жаңа «QazBioPharm» холдингінің басшысына биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты даму, елдің биофармацевтикалық инфрақұрылымын жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өндірісті дамыту, сондай-ақ иммунобиологиялық препараттарға сыртқы тәуелділікті азайту сияқты міндеттер қойылғанын еске салды.
Ажар Гиният жаңа тағайындалған басшыға сәттілік пен жемісті жұмыс тіледі.
Бұған дейін Кунсулу Закарья ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМҚБ-ның бас директоры қызметін атқарған. Министрлік оның биологиялық қауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласында танымал маман екенін атап өтті. Кунсулу Закарья басшылығымен биотехнология, биоқауіпсіздік және микробиология саласында 10 ғылыми-техникалық бағдарлама жүргізілген, үйлестірілген, қадағаланып, бақыланған, олардың ішінде 22 халықаралық жоба және жалпы 200-ден астам ғылыми жоба бар, соның ішінде:
«Қазақстан Республикасының аумағында ветеринарлық қауіпсіздік: эпизоотологиялық мониторинг, сынау, енгізу және аса қауіпті инфекциялық ауруларды алдын алу және диагностикалау құралдарын коммерцияландыру» ғылыми-техникалық бағдарламасы.
«Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі: қауіп-қатерді бағалау, оларды алдын алу және жоюдың ғылыми-техникалық негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасы.
«Қайта өркендеу аралының Қазақстандық бөлігін шаруашылық айналымға енгізуді ғылыми-практикалық сүйемелдеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы.
«COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы.