Алматыда қазақ ветеринария ғылымының 120 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Алматы қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының мерейтойына орай «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы Elordainfo.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, мемлекеттік органдар, Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері, Беларусь, Грузия, Тәжікстан және басқа да мемлекеттердің ғылыми мекемелерінің ғалымдары мен мамандары қатысты.
Конференцияның мақсаты — ветеринария саласында ғылым мен практиканың өзара іс-қимылын нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инновациялық технологияларды интеграциялау бойынша стратегиялық бағыттарды айқындау.