Алматыда ветеринария ғылымының 120 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті —
Алматы қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының мерейтойына орай «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Kazpravda.kz тілшісі.
Құттықтау сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Алназарова институттың елдегі алғашқы ғылыми мекемелердің бірі ретіндегі тарихи маңызын атап өтті.
«Ғасырдан астам уақыт ішінде ҚазҒЗВИ ветеринарияны, мал шаруашылығын және қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға елеулі үлес қосты. Бруцеллез, сібір жарасы және аусыл сияқты аса қауіпті инфекцияларға қарсы күреске бағытталған ондаған диагностикалық әдістерді, вакциналар мен дәрілік препараттарды әзірледі», — деді ол.