Биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық диалог: Қауіптер мен қорғау шараларына жаңаша көзқарас

27 көрініс
Биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық диалог: Қауіптер мен қорғау шараларына жаңаша көзқарас

2024 жылдың 12-13 желтоқсанында Санкт-Петербургте биологиялық қауіпсіздік және фармацевтика саласындағы әзірлемелерге арналған халықаралық конференция өтті. Бұл ауқымды шарада 26 мемлекеттің өкілдері басқосты. Қазақстан тарапынан «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының бас директоры Ерғали Орынбасарұлы Әбдірайымов пен Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Сағынтайқызы Бейсенова қатысты.
Жиында аса қауіпті індеттердің жаңа түрлерінің пайда болу қаупі, сондай-ақ заманауи биологиялық жүйелерде жаңа қоздырғыштардың қалыптасу мәселелері талқыланды. Сарапшылар биологиялық қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін, халықаралық серіктестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Конференция барысында Ерғали Әбдірайымов «Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күресу тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол QazBioPharm және оның еншілес ұйымдарының індеттермен күрестегі жетістіктерін, зерттеу нәтижелерін және вакциналарды өндіру саласындағы инновациялық әдістерді таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстандық биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды.
Бұл конференция сала мамандарына тәжірибе алмасуға және биологиялық қауіпсіздік бағытында бірлескен шешімдер іздеуге мүмкіндік берді.