QazBioPharm және CAAS: ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Астанада «QazBioPharm» ұлттық холдингінің басшылығы Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (CAAS) делегациясымен кездесті. CAAS – Қытайдың аграрлық және ветеринариялық технологиялар бағытындағы жетекші ғылыми орталықтарының қатарына кіреді. Кездесуде тараптар ветеринариялық вакциналарды әзірлеу, тіркеу және өндіру саласында стратегиялық серіктестік орнату мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында екі ел өкілдері вакцина жасау және оны клиникалық сынақтан өткізу тәжірибесімен бөлісті, Қазақстан мен Қытайдағы препараттардың сапасын қамтамасыз ету жүйесі мен тіркеу талаптарын салыстырды. Сонымен қатар қазақстандық ғалымдарды CAAS-тың ғылыми орталықтарында оқыту және тағылымдамадан өткізу мүмкіндіктері де қаралды.
Отырыстың нәтижесінде тараптар ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру, сондай-ақ адам және мал денсаулығын нығайту бағыттарында жұмысты жалғастыру жоспарлануда.