«QazBioPharm» ұлттық холдингінде Халықаралық отбасы күніне арналған іс-шара өтті
«QazBioPharm» ұлттық холдингінде 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай іс-шара ұйымдастырылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қызметкерлер отбасы құндылықтары, өзара түсіністік пен үйлесімді қарым-қатынас тақырыбында пікір алмасты.
Кездесу барысында қатысушылар отбасының мәні, отбасылық қатынастардағы басты құндылықтар туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ отбасы құру, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен сыйластықтың рөлі, жанжалдарды дұрыс шеше білу мәселелері талқыланды.
Спикерлер мамандық пен өмірлік серікті әр адам өз таңдауы бойынша анықтайтынын атап өтті. Бақытты отбасы күн сайын бір-бірін таңдаудан, өзара қолдау мен шынайылықтан қалыптасатыны айтылды. Сонымен қатар отбасы құрудың мінсіз жасы болмайтыны, алайда отбасылық құндылықтарды жастайынан қалыптастыру маңызды екені ерекше аталып өтті.
Қатысушылар үйде де, жұмыста да өз болмысыңды сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Олардың пікірінше, адамның бақыты — үйіне қуана оралып, жұмысына да сондай ықыласпен келуінде.
Іс-шара жылы әрі сенімді атмосферада өтіп, отбасының қоғамдағы орны мен оның қолдау, сүйіспеншілік және рухани үйлесімнің негізі екенін тағы бір мәрте көрсетті.