«Таза Қазақстан – жауапкершілік белесі»: «QazBioPharm» ұлттық холдингі ауқымды экологиялық науқанға атсалысты
25 сәуір күні «QazBioPharm» ұлттық холдингі мен оның еншілес ұйымы «Ұлттық биотехнология орталығының» қызметкерлері «Таза Қазақстан – жауапкершілік белесі» атты жалпықалалық сенбілікке қатысты. «Тазалық – табалдырықтан» деген ұстанымды ту еткен Холдинг мамандары көктемгі тазалық науқаны аясында мекемеге іргелес аумақтарды абаттандырып, санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізді.
Бұл шара тек қоршаған ортаны қорғауды ғана емес, сонымен қатар ұжымдық рухты нығайту мен экологиялық жауапкершілікті арттыруды көздейтін бастама. Биологиялық қауіпсіздік пен ғылым саласының өкілдері тазалық мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосып, қоршаған ортаның абаттандыруына бейжай қарамайтындарын іс жүзінде дәлелдеді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен қолға алынған ауқымды ұлттық бағдарлама. Бұл бастама тек уақытша науқан емес, еліміздің экологиялық бет-бейнесін жақсартуға бағытталған стратегиялық жоба болып табылады. Бүгінде республиканың барлық өңірлерінде әкімдіктердің ұйымдастыруымен осындай жүйелі шаралар өткізілуде.
Мұндай жалпыұлттық маңызы бар бастамаларға әрбір азаматтың үлес қосуы – ортақ Отанымыздың болашағына деген қамқорлықтың белгісі. Тазалық пен тәртіпті сақтау арқылы біз салауатты әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырамыз. Туған жерімізді бірге аялайық!