Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ғылыми кластер құрудың артықшылықтары
Соңғы онжылдықта кластерлік тақырып, әсіресе әлеуметтік-экономикалық дамуды реттеу құралы ретінде кластерлік тәсілді қолдану тақырыбы әртүрлі ғылыми бағыттардың зерттеушілері арасында белсенді түрде зерттеліп, талқылануда.
«Кластер» термині ағылшын тілінен алынған және аударғанда «бірге өсу» дегенді білдіреді. Әлемдік тәжірибе кластеризацияның аймақтық экономика қатысушылары арасындағы өзара экономикалық әрекеттің басқа формаларына қарағанда артықшылықтарын көрсетеді, бұл процесс динамикасына байланысты. Қатаң бәсекелестік заманда кластерлердің маңызы артып келеді, өйткені табысқа жетудің шешуші шарттары әртүрлі салалар арасындағы синергетикалық өзара әрекеттестік пен ғылыми кооперацияға тәуелді.
Қазақстан Республикасының ғылыми әлеуетіне мемлекеттік және жекеменшік ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, зертханалар, сондай-ақ ғылыми-зерттеумен айналысатын шағын және орта мекемелер кіреді. Дегенмен, ғылым саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ғылыми кластер құруға ерекше мән беру қажет. Мұндай кластер өндіріс тиімділігін арттыруға, ресурстарға, ақпаратқа және технологияларға қолжетімділікті жеңілдетуге, жаңа білімдер генерациясын ынталандыруға және инновацияларды коммерцияландыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы әлсіз байланыс өндірістің өзгерген қажеттіліктерін есепке алуға мүмкіндік бермейді, бұл ұйымдар арасындағы ведомстволық кедергілерге, ғылыми процесті артық әкімшілендіруге, бизнестің ғылыми жобалар мен инновациялық қызметке инвестиция салуға экономикалық стимулдардың болмауына байланысты, соның салдарынан еліміз әлемдік ғылым мен экономикадан артта қалады. Осыған байланысты ғылыми-зерттеу институттарын, ғылыми орталықтарды, ЖОО-ларды, бизнес корпорацияларын және ғылыми өндіріс саласында функционалды тәуелділігі бар басқа ұйымдарды біріктірудің маңызы өте өзекті тақырып болып отыр.
Отандық ғалымдарға қолдау көрсету және ғылымды дамытуға жан-жақты ықпал ету — Қазақстан басшылығының негізгі тапсырмаларының бірі. Осы мақсатта биофармацевтикалық өндіріс саласындағы ғылыми-өндірістік әлеуетті арттыру үшін 2021 жылғы 20 желтоқсанда Президенттің тапсырмасымен «QazBioPharm» Ұлттық холдингі АҚ құрылып, оның басқаруына сегіз ғылыми-өндірістік ұйым берілді.
Аса қауіпті ауруларды зерттейтін ғылыми кластерді құру қазіргі заманның талабынан және еліміз бен басқа елдерге қатысты биологиялық қауіпсіздік қатерлерінен туындаған қажеттіліктен туындады. Белгілі болғандай, коронавирус инфекциясына дейін елімізде мемлекеттік органдардың биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы заңнамалық деңгейде нақты реттелмеген болатын. COVID-19 инфекциясының таралуы шекаралардың жабылуы, импорттық өнім жеткізулердің тоқтатылуы, әуе көлігінің қозғалысына шектеулер енгізілуі және қызметкерлер мен мамандардың ауруына байланысты көптеген министрліктердің жұмысын тура немесе жанама түрде парализдеді. Пандемия елдің биологиялық қатерлерге дайын еместігі мен олардың таралуына қатысты нақты әрекет жасау жолдарының болмауы инфекцияның таралуына қалай кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.
Біртұтас құрылымның құрылуы жүргізілетін ғылыми-зерттеулердің жұмысын үйлестіруге, тапсырмалар тізбесін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әртүрлі ведомстволық ұйымдардың ғалымдарының ынтымақтастығы жүргізілетін зерттеулерді күшейтеді. Барлық аталған шаралар биологиялық қауіп-қатерлерге жедел жауап беруге: пайда болатын тәуекелдерді бағалауға, диагностикалық, профилактикалық және терапевтік құралдарды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Ғалымдардың өзара ынтымақтастығынан бөлек, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ведомство мен ұйымдардың да өзара әрекеттестігі қажет. Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 21 мамырдағы №122-VII «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу айқындалған. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттер шегінде 13 мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырылады.
Ғылыми кластердің негізгі рөлі — инновациялық өнімдерді (иммунобиологиялық препараттар, диагностикалық тест-жүйелер және адам мен жануарлардың аса қауіпті ауруларын алдын алу, диагностикалау және емдеуге арналған дәрілік заттар), білімдерді, жаңа технологияларды тарату үшін біртұтас ақпараттық кеңістікті құру, бұл болашақта кластер қатысушылары мен тұтынушыларына сыртқы және ішкі ортаның өзгерістеріне жылдам және адекватты жауап беруге мүмкіндік береді.
Ғылыми кластердің жұмыс істеуі ұлттық және салалық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін синергетикалық эффект арқылы арттыруға, билік пен ғылым арасындағы серіктестік қатынастар тиімділігін күшейтуге, сондай-ақ шығарылатын өнім ассортиментін кеңейту арқылы мемлекет пен бизнестің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Автор: Сихаева Нұргүл Сабержановна