«QazBioPharm» Ұлттық холдингінде Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
2025 жылғы 22 қазанда «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының басшылығы Қытайдың Zhongnong Weite Biotechnology Co., Ltd. және Lanzhou Veterinary Research Institute ұйымдарының өкілдерімен, сондай-ақ отандық Biotron Group кәсіпорнымен кездесті. Аталған ҚХР ұйымдары ветеринариялық вакциналарды әзірлеу және өндіру саласында жетекші орынға ие.
Сапар барысында Бас директор Ерғали Абдураимов қонақтарды Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қызметімен таныстырды. Өз кезегінде қытайлық тарап кәсіпорындарының негізгі қызмет бағыттары мен ғылыми әзірлемелері жөнінде ақпарат ұсынды.
Келіссөздер кезінде тараптар биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бағыттарын, соның ішінде жануарларға арналған иммунобиологиялық препараттар өндірісін дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, қытайлық компаниялардың өндірістік қуаттылығы, инвестициялық ынтымақтастық пен технологиялар трансфері, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай мамандары арасындағы тәжірибе алмасу, тағылымдамалар және біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және бірлескен ғылыми-зерттеу мен өндірістік жобаларды іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.