Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты.
Форум аясында Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атады. Оның айтуынша, Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.
– Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.