QazBioPharm Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру мәселелері бойынша қытайлық серіктестерімен кездесу өткізді

40 көрініс
QazBioPharm Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру мәселелері бойынша қытайлық серіктестерімен кездесу өткізді

2025 жылғы 24 маусымда «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен жұмыс кездесуін өткізді. Қытай тарапынан кездесуге Shanghai United Cell Biotechnology Co., Ltd компаниясының басшылығы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы мамандар, сондай-ақ Вэнчжоу медициналық университетінің өкілдері қатысты.

Іссапар бағдарламасы аясында қытайлық делегация Холдингтің еншілес ұйымдарының ғылыми және өндірістік әзірлемелерімен танысты. Холдинг басшылығы биофармацевтика мен диагностика саласындағы инновациялық жобаларды қоса алғанда, қызметтің негізгі бағыттары мен негізгі жетістіктерін таныстырды.

Іс-шара дөңгелек үстел форматында жалғасты. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде Қазақстан аумағында жоғары технологиялық өндірісті жергіліктендіру мәселелерін талқылады. Нормативтік-құқықтық реттеу, өндірістік инфрақұрылымды ұйымдастыру және биофармацевтика саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бойынша ұстанымдармен алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ықтимал ынтымақтастық нысандарын одан әрі пысықтауға қызығушылық білдіріп, жобаны іске асыру шеңберінде диалогты дамыту бойынша бірқатар қадамдарды белгіледі.

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі Қазақстанда биофармацевтикалық саланы дамыту миссиясын жалғастыра отырып, стратегиялық маңызы бар бағыттарда халықаралық әріптестікке ашық.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық делегация Шанхай қаласына барып, қытайлық компанияның өндірістік әлеуетімен танысқан болатын. Ал 2025 жылғы 23 маусымда Қытай делегациясы еліміздегі OtarBioPharm зауытында болып, жергілікті өндірістің мүмкіндіктерін бағалады.