QazBioPharm және Sanofi: Қазақстандағы биофармацевтикалық өндіріс бойынша ынтымақтастық жалғасуда

25 маусым күні Sanofi компаниясының өкілі, ТМД елдері бойынша вакциналар бағытының коммерциялық директоры Александр Анохин «QazBioPharm» Ұлттық холдингіне жұмыс сапарымен келді. Кездесу барысында Холдингтің және OtarBioPharm зауытының инфрақұрылымы мен өндірістік әлеуеті таныстырылып, екіжақты серіктестікке қатысты мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, 2025 жылғы 28 мамырда Астана қаласында өткен Қазақстан–Франция бизнес-форумы аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Sanofi компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Аталған құжат фармацевтикалық өндіріс пен ғылыми зерттеулер саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ технология трансфері мен Қазақстанда биофармацевтикалық өнімдерді өндіру мүмкіндіктерін қарастыруды көздейді.
Бүгінгі кездесу осы келісім аясындағы өзара іс-қимылды нақтылау және алдағы бірлескен қадамдарды пысықтау мақсатында өткізілді. «QazBioPharm» Ұлттық холдингі халықаралық ынтымақтастықты дамытып, Қазақстанның биофармацевтикалық саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
