QazBioPharm алаңында Қазақстан халықаралық делегацияға биофармацевтикалық әзірлемелерін таныстырды

94 көрініс
QazBioPharm алаңында Қазақстан халықаралық делегацияға биофармацевтикалық әзірлемелерін таныстырды

2025 жылғы 30 мамырда «QazBioPharm» ұлттық холдингіне Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ), Еуразиялық патенттік ұйымның (ЕАПК), сондай-ақ Қытай, Индонезия, Марокко, Армения, Әзербайжан, Тәжікстан және басқа да ТМД елдерінің ұлттық ведомстволары мен ҚР Әділет министрлігінің өкілдерінен құралған халықаралық делегация ресми сапармен келді.

Делегация құрамында зияткерлік меншік, инновациялар және ғылым салаларындағы жетекші халықаралық сарапшылар болды. Атап айтқанда, ДЗМҰ-ның өтпелі және дамыған экономикасы бар елдермен жұмыс департаментінің директоры Асан Хабип, Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропа елдері жөніндегі бөлім басшысы Илья Грибков, Еуразиялық патенттік ұйымының президенті Григорий Ивлиев, сондай-ақ Қытайдың CNIPA, Индонезияның DGIP, MoroccoAI және басқа ұйымдардың ресми өкілдері сапарға қатысты.

Іс-шара барысында QazBioPharm холдингінің басшылығы Қазақстанның биофармацевтикалық ғылым мен өндіріс саласындағы жетістіктері туралы баяндап, зияткерлік меншікпен жұмыс істеу тәжірибесін бөлісті.

Қонақтар Ұлттық ғылыми биотехнологиялық зертхананы аралады. Бағдарлама аясында делегацияға COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеу мен өндіру, отандық биотехнологиялық әзірлемелерді халықаралық нарыққа шығару жолдары, сондай-ақ ғылыми-инновациялық экожүйені дамытудағы QazBioPharm рөлі таныстырылды.

ЕАПК президенті Григорий Ивлиев сапар барысында былай деп атап өтті:

«Қазақстанның биотехнология саласындағы әлеуеті өте жоғары. Біз онкогематология саласындағы әзірлемелерге ерекше қызығушылық таныттық және осы бағытта ынтымақтастық орнатуға дайынбыз.»

Бұл кездесу Қазақстан мен халықаралық зияткерлік меншік институттарының өзара іс-қимылын нығайтып, отандық биотехнология өнімдерін әлемдік деңгейге шығаруға жаңа серпін береді.