2026 — Білім мен ғылым жылы: Денсаулық сақтау саласындағы зертеулер мен инновацияға басымдық 

63 көрініс
2026 — Білім мен ғылым жылы: Денсаулық сақтау саласындағы зертеулер мен инновацияға басымдық 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Қытай» саммитінде жариялаған стратегиялық бастамалары аясында 2026 жыл Қазақстанда ресми түрде Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы болып жарияланды. Бұл шешім – еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, зерттеу саласын қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

Осыған орай, Ұлттық биотехнология орталығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Өмір туралы ғылым» бөлімшесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынның мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-техникалық саясаттың стратегиялық басымдықтарын нақтылап, медициналық ұйымдарда ғылым мен инновацияларды дамытудың негізгі бағыттарын талқылау болды.

Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҰҒА академиктері Вячеслав Локшин, Серік Ақшолақов және Юрий Пя, еліміздің жетекші ғалымдары, медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

Министр өз сөзінде отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жас зерттеушілерге қолдау көрсету, ғылыми нәтижелерді клиникалық тәжірибеге енгізу және халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасу — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жиында ұсынылған жобалардың медициналық ғылымның әлеуетін көрсететін маңызды бастамалар екені айтылды.

  • Ғылыми-техникалық кеңестің құрамын бекіту;
  • Биотехнология мен медицина салаларындағы ғылыми басымдықтарды айқындау;
  • Іргелі және қолданбалы ғылым арасындағы өзара байланысты күшейту;
  • Жоғары технологиялық әзірлемелерді клиникалық тәжірибеге енгізу тетіктері.

Академик Вячеслав Локшин медициналық ғылымда ұзақ мерзімді шешімдер негізі – іргелі зерттеулер екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы бағыттар ғылым мен практиканы ұштастыруда шешуші рөл атқарады.

Академик Серік Ақшолақов омыртқа хирургиясында бұлшықет тінін зақымдамайтын, қалпына келу үдерісін жылдамдататын бірегей әдіс туралы баяндады. Аталған тәсіл патенттеліп, клиникалық практикада қолданылып жатыр.
Астана медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова 2030 жылға дейінгі сала дамуын болжайтын форсайт-зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Кездесу барысында келесі инновациялық жобалар таныстырылды:

  • Омыртқаға арналған жекелендірілген импланттар (3D технологиямен жасалған),
    (Ұлттық нейрохирургия орталығы);
  • ALEM жобасы — денсаулық сақтау саласының орнықты дамуына бағытталған бастама,
    (University Medical Center);
  • Жекелеген медицинаның негізі — 3D жасушалық модельдер мен органоидтар,
    (Ұлттық биотехнология орталығы);
  • Геномдық технологияларды диагностика мен терапияда қолдану,
    (Назарбаев Университеті).

Отырыс соңында қатысушылар ғылыми жұмыстарды арттыру, білім мен тәжірибе трансферін күшейту, ғылым мен клиниканы интеграциялау және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған нақты ұсыныстар қабылдады.

QazBioPharm ұлттық холдингі — ғылыми және биофармацевтикалық бағыттағы жетекші құрылым ретінде аталған бастамаларды толық қолдай отырып, еліміздегі ғылым мен денсаулық сақтау саласын дамытуға, инновациялық шешімдерді ілгерілетуге және Қазақстан ғылымының халықаралық беделін арттыруға белсенді үлес қосуды жалғастырады.