Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Алексей Цой «QazBioPharm» Ұлттық холдингіне жұмыс сапарымен келді
Бүгін «QazBioPharm» ұлттық холдингіне Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Владимирович Цой жұмыс сапарымен келді.
Сапардың мақсаты – Холдингтің негізгі жобаларымен, ғылыми-өндірістік әлеуетімен және биологиялық қауіпсіздік пен биофармацевтикалық өндіріс салаларындағы ағымдағы міндеттерімен танысу.
Кездесу барысында Холдинг басшылығы қызметтің стратегиялық бағыттары, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және өндірістік мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіру мен мемлекеттік қолдауды қажет ететін өзекті мәселелер талқыланды.
Сапар аясында Алексей Цой Ұлттық биотехнология орталығының зертханалық кешендерін аралап, заманауи технологиялық платформалармен, ғылыми әзірлемелермен және жоғары дәлдікті зерттеу жүргізу мүмкіндіктерімен танысты.
Тараптар ұлттық биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамыту, білікті кадрларды даярлау, зертханалық және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ саланың экспорттық, ғылыми-технологиялық және коммерциялық әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және жүйелі өзара іс-қимылды жалғастыру туралы тапсырмалар берілді.