Қазақстан – Иордания: ықпалдастықтың жаңа көкжиегі – Aq jol
Иордания – Таяу Шығыста орналасқан, тарихы тереңге кеткен, мәдениеті бай, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет. Биылғы ақпанда Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барған Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевты Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері әлХусейн салтанатты жағдайда күтіп алған болатын. «Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев II Абдалла бен әл-Хусейнді Қазақстанға сапармен келуге шақырған болатын.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Иордания арасындағы саудаэкономикалық ынтымақтастықта оң өсу серпіні байқалады. Бұл жалпы тауар айналымы мен экспорттың өсуінен де көрінеді. 2021 жылы қазақстандық экспорт 0,1 миллион АҚШ доллары болса, ал 2024 жылы 3,7 миллион долларды құрап, бұл көрсеткіш 37 есе артты. Ал екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 6,3 миллион АҚШ долларын құрады.
СЕРІКТЕСТІКТІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕТІН КЕЛІССӨЗДЕР
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды. «Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті назар бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарымқатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес», – деді Президент.
ІІ Абдалла екіжақты қарымқатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады. «Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін», – деді Иордания Королі.