Мәжіліс депутаттары еліміздің биологиялық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық нысандармен танысты
2025 жылғы 9–10 қазанда Алматы қаласы мен Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттарының «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің еншілес ұйымдарымен кездесті.
Делегация құрамына Комитет төрайымы Айгүл Сайфоллақызы Құспан, депутаттар Олжас Хайроллаұлы Құсбеков пен Максим Николаевич Рожин, сондай-ақ Комитет қызметін қамтамасыз ету бөлімінің секторының меңгерушісі Қуаныш Әбенқызы Әбенова кірді. Делегацияны «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Орынбасарұлы Абдураимов пен Ғылым және технологиялар жөніндегі бас директордың орынбасары Аралбек Сырашұлы Рсалиев алып жүрді.
Сапардың мақсаты – елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жетекші отандық ғылыми-зерттеу және өндірістік ұйымдардың қызметімен танысу, сондай-ақ саланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылау болды.
Кездесудің негізгі нысаны – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында жұмыс істейтін «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауыты болды. Кездесу барысында депутаттар аталған ұйымдардың қызметімен танысып, өндірістік цехтар мен зертханаларды аралап көрді, вакциналар мен иммунобиологиялық препараттарды өндіру процесін зерттеді. Атап айтұанда, биологиялық белсенді фармацевтикалық субстанциялар өндіретін екінші өндірістік кешенге ерекше назар аударылды.
Комитет төрайымы Айгүл Құспан отандық өндірісті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай кәсіпорындар Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын айтты.
Келесі күні делегация жұмысы Алматы қаласында жалғасты. Депутаттар Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтында болды. Мұнда парламент өкілдері ғылыми зерттеулердің барысымен, зертханалардың мүмкіндіктерімен және аса қауіпті инфекциялардың алдын алу мен мониторингіне бағытталған жобалармен танысты.
Депутаттар Холдинг ұйымдарының әлеуетін жоғары бағалап, ғылыми және өндірістік қызметтің жоғары деңгейі үшін ұжымдарға алғыс білдірді. Өз кезегінде QazBioPharm басшылығы биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми инфрақұрылымды нығайту және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Анықтама үшін:
«QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ – Қазақстандағы фармацевтикалық ғылым мен инновациялардың жетекші орталығы. Холдинг қызметі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, биофармацевтикалық өндірісті дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және денсаулық сақтау мен ветеринария саласындағы ұлттық базасын қалыптастыруға бағытталған.
QazBioPharm ғалымдары Қазақстанның алғашқы COVID-19-ға қарсы QazVac вакцинасын әзірлеген, бұл елдің жоғары ғылыми және технологиялық әлеуетінің айқын дәлелі болып табылады.