Жаһандық қатерлер жағдайындағы биологиялық қауіпсіздік: QazBioPharm халықаралық конференциясының қорытындылары
2025 жылғы 27–28 қарашада Астана қаласында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ «Жаһандық қатерлер жағдайындағы биологиялық қауіпсіздік: қарсы іс-қимылдың ғылыми-технологиялық тәсілдері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар, академиялық мекемелер мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Франция және Қытай елдерінің сарапшыларын қоса алғанда, 300-ден астам адам қатысты.
Конференция 2023–2025 жылдарға арналған «Биологиялық қауіпсіздік» консорциумы жүзеге асырған ғылыми-техникалық бағдарламаның нәтижелерін таныстырудың қорытынды алаңына айналды. Қатысушылар жануарлардың қауіпті және аса қауіпті инфекцияларына арналған кешенді Атластарды әзірлеуді қоса алғанда, бағдарламаның негізгі ғылыми жетістіктерін ұсынды. Бұл Атластарда сібір жарасы, ірі қара малдың туберкулезі, бруцеллез, қошқарлардың инфекциялық эпидидимиті, альвеолярлық эхинококкоз, жылқы трипаносомозы, эпизоотикалық лимфангит, блютанг, Ньюкасл ауруы, құс тұмауы, аусыл, қой және сиыр шешегі, ірі қараның ринотрахеиті мен вирустық диареясы сияқты бактериалды, паразитарлық, микозды және вирустық аурулар бойынша деректер жинақталған. Атластарға инфекциялардың таралу карталары, эпизоотологиялық мәліметтер және биологиялық қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау енгізілген.
Конференция барысында эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайды мониторингілеудің заманауи әдістері, биологиялық қатерлерді диагностикалау, алдын алу және бақылау тәсілдері, иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу технологиялары және микроорганизмдердің дәріге төзімділігі мәселелері жан-жақты талқыланды. 70-тен астам ғылыми баяндама ұсынылды. Сонымен бірге қатысушылар Консорциум әзірлеген тест-жүйелер, вакцина платформалары, дәрілік препараттар және инфекциялық ауруларды мониторингілеу мен алдын алуға арналған технологиялық шешімдер қойылған ғылымды қажетсінетін өнімдер көрмесімен танысты.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей, Украина және Қырғызстан ғалымдарының 101 жұмысын қамтитын тезистер жинағы жарық көрді. Іс-шара Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, сондай-ақ демеуші компанияларға ризашылық білдірілген резолюцияны қабылдаумен аяқталды. Резолюцияда биологиялық қауіпсіздік саласындағы зерттеулерді жалғастыру, эпидемиологиялық және эпизоотиялық қадағалауды жетілдіру, диагностикалық және профилактикалық құралдарды әзірлеуді жандандыру, мамандарды даярлау және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі атап өтілді.
Конференция Қазақстанның жоғары ғылыми әлеуетін және ұлттық биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытуда, сондай-ақ заманауи ғылыми шешімдерді енгізуде «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің айрықша үлесін айқын көрсетті.