Душанбе ұсақ мал обасы мен аусылға қарсы күрес жөніндегі халықаралық диалог алаңына айналды
2025 жылғы 11–13 қарашада Тәжікстан астанасында 14 елдің өкілдері ұсақ мал обасын жою және аусылды бақылау жөніндегі бірлескен шараларды келісу мақсатында бас қосты. Аталған трансшекаралық жануарлар аурулары мал шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірлік саудаға айтарлықтай қауіп төндіреді.
Жиын БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО), Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) және Еуропалық аусылды бақылау комиссиясының (EuFMD) (EuFMD) ұйымдастыруымен, Тәжікстанның Азық-түлік қауіпсіздігі комитетінің қолдауымен және Еуропалық Одақтың қаржылық демеушілігімен өткізілді.
Қазақстан атынан «QazBioPharm» ұлттық холдингі қатысып, өңірлік тәсілдерді келісуге, заманауи вакциналық шешімдерді енгізуге және өңір елдерінің күш-жігерін үйлестіруге белсене қатысты. Негізгі мақсат — ұжымдық әлеуетті нығайту және ұсақ мал обасын жою мен аусылды тиімді бақылау жөніндегі мақсаттардың орындалуын қамтамасыз ету.
Жиын барысында сарапшылар трансшекаралық жануарлар ауруларына қарсы күрестің басым бағыттарын талқылады: эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру, өңірлік вакцинация бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг пен бағалау құралдарын қолдану, зертханалық әлеуетті күшейту және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту. Өңірлік бағдарламалардың тиімділігін арттыру үшін зертханалар, эпидемиологиялық қадағалау жүйелері және вакцинация инфрақұрылымын оңтайландыруға ерекше көңіл бөлінді.
Айта кетейік, ұсақ мал обасы әлі де елеулі қауіп болып табылады: Орталық Азияда шамамен 190 миллион қой мен ешкі індетті жұқтыру қаупі бар аймағында орналасқан, бұл әлемдік мал басының шамамен 9 %-ын құрайды. Аусыл Батыс Еуразияның кейбір елдерінде эндемиялық сипатқа ие болып, жыл сайын айтарлықтай экономикалық шығындарға және өңірлік әрі жаһандық нарықтарға қолжетімділіктің шектелуіне әкеледі.
Душанбеде өткен жиын халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын растады және елдердің трансшекаралық қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға дайын екенін көрсетті. Бұл миллиондаған адам үшін мал шаруашылығының тұрақтылығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.