Астанада қазақстандық ғылымды дамытуға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылды
21 қараша күні Астана қаласындағы Назарбаев университетінде ҚР СІМ«Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми алаң – «Отандас ғалымдар форумы» өтті. Іс-шараға шетелден 40-тан астам, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарынан 100-ге жуық ғалым және сала сарапшылары қатысты.
Форумның ерекшелігі – шетелде еңбек етіп, ғылыми ортада тәжірибе жинаған қазақстандық зерттеушілердің өз білімін елдің ғылыми-инновациялық дамуына бағыттауға ниеттілігі. Қатысушылар бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық жобаларды іске асыру және қазақстандық ғылыми экожүйені жаһандық стандарттарға жақындату жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Форум барысында 40-қа жуық ғылыми баяндама ұсынылды. Қатысушылар медицина, биотехнология, аэроғарыштық инженерия, жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, қалалық инфрақұрылым, экология сияқты өзекті салалардағы инновациялық жобаларымен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум шетелдік және отандық ғалымдар арасындағы тікелей байланыс орнатуға, жаңа серіктестік жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Бұл алаң Қазақстанға озық ғылыми тәжірибені әкеліп қана қоймай, ғалымдардың халықаралық коллаборацияларға қосылуына жол ашады.
24.kz мәліметінше, іс-шарада ұсынылған барлық ғылыми жобалар мен бастамалар арнайы жинаққа енгізіліп, кітап түрінде жарық көрмек. Сонымен бірге бұл ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, ұлттық деңгейдегі шешімдер қабылдау кезінде сараптамалық база ретінде қолданылмақ.