Қазақстан-Франция бизнес-форумы: QazBioPharm саланың стратегиялық басымдықтарын таныстырды

2025 жылғы 28 мамырда Астана қаласында Қазақстан-Франция бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары мен сараптамалық қауымдастығынан 300-ден астам өкіл қатысты.
Форум денсаулық сақтау, фармацевтика және биотехнология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Форумға қатысушылар қатарында Sanofi, Schneider Electric, EDF, Veolia, Limagrain, Egis, Orano, Danone сынды жетекші француз компанияларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан тарапынан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «QazBioPharm» ұлттық холдингі және басқа да ұйымдар болды.
«QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Ерғали Абдураимов форум аясындағы фармацевтика және өндірісті локализациялау мәселелеріне арналған тақырыптық сессияда сөз сөйлеп, Холдингтің ғылыми және өндірістік әлеуетін таныстырды. Ол QazBioPharm-ның еліміздегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі және биофармацевтикалық саланы дамытудағы стратегиялық рөлін атап өтті.
Форум 2024 жылғы қарашада Мемлекет басшысының Францияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде өтті. Оның басты мақсаты – іскерлік әріптестікті кеңейту, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы байланысты нығайту.
Денсаулық сақтау тақырыбындағы панельдік сессия қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Францияның жетекші компаниялары, университеттері мен халықаралық ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы жеті меморандумға қол қойылды. Құжаттар фармацевтикалық өндірісті жергіліктендіру, инновациялық диагностикалық шешімдерді енгізу, сондай-ақ ғылыми және білім беру тәжірибесімен алмасу бағыттарын қамтиды.