Ғалым: Адам, жануар және қоршаған орта – үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты — KAZINFORM

Зооноздық аурулар яғни, малдан адамға жұғатын жұқпалы індеттер бүкіл әлемдік денсаулық сақтау саласына елеулі сын тудырып отыр. Осы орайда біз ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Айтжановпен сұхбаттасып, ветеринария мен медицинаның ортақ тұстары, індеттердің алдын алу, вакцинаның маңызы және отандық ғылымның қазіргі жағдайы туралы әңгіме өрбіттік.
– Ветеринария мен медицинаның байланысы туралы айтып өтсеңіз. Бұл екі саланың мақсаты қаншалықты ұқсас?
– Ветеринария мен медицина – екі бөлек сала болғанымен, түпкі мақсаты бір: адамның өмірін және денсаулығын сақтау. Қазіргі таңда мал мен адамға ортақ жұқпалы аурулар көбейіп отыр. Мысалы, туберкулез, топалаң (сібір жарасы), бруцеллез, коронавирус инфекциялары – осының барлығы зоонозды, яғни жануардан адамға жұғатын ауру. Сондықтан малды емдеу мен қорғау – адамды да қорғау деген сөз. Бұл – бүгінде бүкіл әлем мойындап отырған One Health («Бір денсаулық») концепциясының негізі. Адам, жануар және қоршаған орта – үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты.
– Қазір індеттерге қарсы күресте ветеринар мамандардың рөлі қандай?
– Ветеринарияда профилактикалық шаралар жиі қолданылады. Өйткені ауруды емдеуге қарағанда, оның алдын алу экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Осы себепті, аурудың алдын алу үшін вакцина пайдаланылады. Ал адамдар ауырған жағдайда, оларды емдеуге болады. Сол себепті, медицина саласы көбінесе емдеу жағына көңіл бөледі. Қазір вакцина жасаумен айналысып жатқан ғалымдардың басым бөлігі – ветеринарлар. Олар микроорганизмдермен, вирустармен, бактериялармен көп жұмыс істейді. Қауіпті аурулардың таралу механизмін, қоздырғыштардың табиғатын жақсы біледі. Әрине, бұл салада биологтар, вирусологтар да бар, бірақ мал дәрігерлерінің үлесі айрықша. Ветеринарлар – практикалық иммунология мен эпидемиологияны жақсы меңгерген мамандар. QazVac вакцинасы – соның айғағы. Бұл вакцина қысқа мерзім ішінде жасалды. Әлемде бұндай жетістікке қол жеткізе алған елдер саны санаулы.
