Медициналық білім беру саласындағы басымдықтар: өңірлік қажеттіліктер ескеріледі — ort.com.kz

40 көрініс
Медициналық білім беру саласындағы басымдықтар: өңірлік қажеттіліктер ескеріледі — ort.com.kz

2025 жылғы 24 маусымда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медициналық білім беру саласындағы негізгі жаңалықтар мен реформалар туралы баяндады.

Министрліктің деректеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 5 мыңнан астам білім беру гранты бөлінеді. 2023 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірлік қажеттіліктерге сай қалыптастырылуда. Бұл тәсіл кадр тапшылығын нақты мекендер бойынша өтеуге бағытталған. Түлектер грант бөлінген өңірге жұмыс істеуге жіберіледі.

2025 жылы резидентураға 2 500 грант бөлініп, олар өңірлік сұраныс негізінде таратылды. Сонымен қатар, гранттардың мөлшерін саралау және олардың құнын арттыру мәселелері қарастырылуда. Параллель түрде ақылы оқуға қабылдау көлемін қысқарту және гранттық орындарды ұлғайту жоспарланған.

Сондай-ақ, интернатураның жеке бағыттары енгізілмек, оның түлектері тек ауылдық жерлер мен амбулаториялық-емханалық мекемелерде жұмыс істеуге міндетті болады.

Бала денсаулығы саласындағы маман тапшылығын жою мақсатында биыл балалар профиліндегі 14 жаңа резидентура мамандығы енгізіледі. Олардың қатарында балалар кардиологиясы, эндокринологиясы, неврологиясы және басқа да бағыттар бар.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, жыл сайын студенттердің стипендиясы орта есеппен 20%-ға өсіп отырады. 2025 жылдан бастап 3 курстан кейін студенттерге білім деңгейін бағалау үшін міндетті емтихан енгізіледі.

Биылғы жылы 11 мыңнан астам жас маман медицина саласында оқуын аяқтайды. Олардың екі үштен бірі өңірлік қажеттіліктерге сәйкес медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасады.

Ақпарат көзі: ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі

 

Медициналық білім беру саласындағы басымдықтар: өңірлік қажеттіліктер ескеріледі — ort.com.kz