Еншілес ұйымдардың ғалымдары кәсіби мерекеде мемлекеттік марапатқа ие болды

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жетекші ғалымдарымен кездесу өткізіп, кәсіби мерекемен құттықтады. Президент ғылымның ел болашағындағы рөлін ерекше атап өтіп, әр салада еңбек етіп жүрген ғылыми қауым өкілдеріне алғыс білдірді.
Салтанатты рәсімде ғылым мен технологияны дамытуға сүбелі үлес қосқан ғалымдар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында «QazBioPharm» Ұлттық холдингіне қарасты жетекші ғылыми-өндірістік ұйымдардың өкілдері де бар.
Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «OtarBioPharm» ЖШС директоры Зәкір Жаппарұлы Ершебұлов және «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС зертханасының меңгерушісі Алмагүл Әпсаламқызы Кәкімжанова марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі келесі ғалымдарға табыс етілді:
- Индира Әлібайқызы Ахажанова, кіші ғылыми қызметкер, «OtarBioPharm» ЖШС;
- Болат Аманбайұлы Еспембетов, зертхана меңгерушісі, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС;
- Қосман Маратұлы Қабылдин, хлорлау станциясының операторы, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС;
- Александр Вячеславович Шустов, зертхана меңгерушісі, «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС.
Бұл марапаттар — еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа буын вакциналарды әзірлеу, биотехнологияларды дамыту, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезіндегі ерен еңбек нәтижесінде берілген жоғары бағалар.
«QazBioPharm» Ұлттық холдингі өз атынан марапат иелерін шын жүректен құттықтайды! Бұл жетістіктер — бүкіл ғылыми ұжымның кәсібилігінің, табандылығының және елге қызмет етуге деген ұмтылысының нәтижесі. Ғылым мен жаңашылдықты дамытуда сіңірген еңбектеріңіз мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының сенімді тірегі болып қала бермек.
Ақпарат көзі: www.akorda.kz, www.tengrinews.kz
