Алматыда қазақ ветеринария ғылымының 120 жылдығына арналған халықаралық конференцияның алғашқы күні өтті

2025 жылғы 15 мамырда Алматы қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) 120 жылдығына арналған «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа сын-қатерлер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның алғашқы күні өтті.
Конференцияға Қазақстанның, Ресей Федерациясының, Беларусьтің, Грузияның, Тәжікстанның, АҚШ-тың, Швейцарияның, Италияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың жетекші ғалымдары, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі, Денсаулық сақтау министрі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академия президенті, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың өкілдері, биологиялық қауіпсіздік, ветеринария саласының мамандары және институттың ардагерлері қатысты.
Конференцияның салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚазҒЗВИ ұжымына арнаған құттықтау хатын Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Дальтонқызы Закария таныстырды.
Құжатта ҚазҒЗВИ-дің еліміздің ветеринария ғылымындағы орны мен үлесіне жоғары баға беріліп, бір ғасырдан астам уақыт бойы мал шаруашылығын дамытуға, эпизотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халық денсаулығын қорғауға қосқан елеулі еңбегі атап өтілді.
АҚМАРАЛ ШӘРІПБАЙҚЫЗЫ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
«Бұл мерейтой — тек институт ұжымы үшін ғана емес, бүкіл отандық ғылым үшін де маңызды. 1905 жылы негізі қаланған Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты — еліміздегі тұңғыш ғылыми мекеме ретінде Қазақстан ғылымының бастауында тұрған іргелі ұйым болып саналады.
Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханаларын ISO 17025 халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан сәтті өткізіп, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH), БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашты».
ЕРҒАЛИ ОРЫНБАСАРҰЛЫ АБДУРАИМОВ, «QAZBIOPHARM» ҰЛТТЫҚ ХОЛДИНГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
«ҚазҒЗВИ Қазақстанның ветеринария ғылымы мен практикасы тарихында тұңғыш рет аусыл, бруцеллез, лейкозды бақылаудың ұлттық бағдарламаларын, ветеринариялық практикаға сәтті енгізілетін ауыл шаруашылығы жануарларының жұқпалы ауруларын диагностикалау мен алдын алудың жаңа тәсілдерін қолдана отырып стратегияларды әзірледі.
Қазіргі уақытта ҚазҒЗВИ әзірлеген 30-ға жуық препарат тіркелген және жыл сайын 10-нан астам әзірлемелер енгізілуде».
Іс-шара аясында:
— Институттың тарихы мен жетістіктеріне арналған мерейтойлық кітап таныстырылды;
— Холдингтің еншілес ұйымдары, мерейтой иесі — ҚазҒЗВИ, конференция серіктестері әзірлеген вакциналар, диагностикумдар мен ғылыми еңбектер ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
Алғашқы күннің қорытындысы — ғылым мен тәжірибенің, мемлекеттік саясат пен биологиялық қауіпсіздік жүйесінің тығыз байланысын тағы бір мәрте дәлелдеді. Екінші күні конференция жұмысы жалғасып, қорытынды резолюция қабылданады деп күтілуде.
Еске салайық, 1905 жылы негізі қаланған ҚазҒЗВИ — еліміздегі ең көне ғылыми мекемелердің бірі. 2023 жылдан бастап «QazBioPharm» ұлттық холдингінің құрамында жұмыс істей отырып, институт биологиялық қауіпсіздік, эпизоотология, вакцина және диагностика салаларында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Институт жұмысымен толығырақ www.qaznivi.kz ресми сайтында танысуға болады.