Отандық ғалымдар Астанада өткен халықаралық конференцияда үш жылдық зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды

53 көрініс
Отандық ғалымдар Астанада өткен халықаралық конференцияда үш жылдық зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды

27 қараша күні Астанада «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ ұйымдастырумен «Жаһандық қатерлер жағдайындағы биологиялық қауіпсіздік: қарсы іс-қимылдың ғылыми-технологиялық тәсілдері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының бірінші күні өтті.

Конференция мемлекеттік органдардың өкілдерін, отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, академиялық мекемелер мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын, сондай-ақ Франция, Қытай және Ресейден келген сарапшыларды қоса алғанда, 300-ден астам қатысушыны біріктірді.

Қатысушыларға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасы Жайық Тохтаров құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (WOAH) бас директоры Эммануэль Субейран бейнеге жазылған құттықтауын арқылы конференцияға қатысушыларға жылы лебізін жолдады.

«QazBioPharm» ұлттық холдингінің Бас директоры Ерғали Абдураимов конференцияның ғылыми диалогты дамыту, зерттеу нәтижелерімен алмасу және биологиялық қауіпсіздік саласындағы маңызды шешімдерді ілгерілету үшін ерекше мәнге ие алаң екенін атап өтті.

Бас директордың ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары Аралбек Рсалиев «Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жетілдіру: қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы іс-қимыл» мегагрантын (2023–2025 жж.) басқару және үйлестіру туралы баяндама жасап, бағдарлама нәтижесінде қол жеткізілген негізгі ғылыми-технологиялық жетістіктерді таныстырды.

Конференция аясында ғылымды қажетсінетін өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар тест-жүйелер, вакцина платформалары, дәрілік препараттар және инфекциялық аурулардың мониторингі мен алдын алуға арналған технологиялық шешімдер сияқты әзірлемелермен танысты.

Іс-шара жұмысы төрт тақырыптық секция форматында жалғасты:

Бірінші секцияда сарапшылар эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайды мониторингілеу әдістерін, биологиялық қатерлердің ішкі және сыртқы көздерін, сондай-ақ жаңа қауіптерді ерте анықтау тәсілдерін талқылады. Екінші секция жұқпалы аурулар қоздырғыштарын анықтауға арналған диагностикалық құралдарды әзірлеу мен жетілдіруге арналды. Үшінші секцияда инфекциялық ауруларға қарсы иммунобиологиялық препараттарды әзірлеудің технологиялық трендтері сөз болды. Ғалымдар жаңа буын вакциналарын жасау бойынша зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін талдады. Төртінші секция микроорганизмдердің дәріге төзімділік проблемалары және оны шешу жолдарына арналды. Сарапшылар патогендердің төзімділігінің артуына жүргізілген талдауларды ұсынып, оны еңсерудің ғылыми негізделген жолдарын және кешенді ведомствоаралық тәсілдердің маңызын атап өтті.

Ертең конференция өз жұмысын жалғастырады. Толық бағдарлама берілген сілтеме арқылы қолжетімді.